Ауыл халқына онкоскрининг жүргізудегі жылжымалы кешендер тиімділігін көрсетті

Алматыда «Онкологиялық скрининг жүргізуде жылжымалы медициналық кешендерді тиімді пайдалану» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар бұл кешендер арқылы шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын тегін тексерді. Алқалы жиында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының серіктес медициналық ұйымдары Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында атқарған жұмыс нәтижесін таныстырды.

«Қазақстан халқына Денсаулық жолы» әлеуметтік жобасы аясында екі жыл бұрын еліміздің үш өңіріне заманауи медициналық құралдармен жабдықталған көліктер жеткізілді. Мақсат ауыл халқын онкологиялық скринингтен өткізіп, дәрігерлік кеңес беру. Мысалы, былтыр Алматы облысында 16 мыңға жуық адам жылжымалы кешеннің көмегімен скринингтен өтті.

Саяхат Олжаев, аймақтық көпсалалы клиниканың бас дәрігері:

- Бір жарым жыл ішінде 23 қатерлі ісік анықталған. Қатерлі ісікті анықтаудың өзі диагностикасы қиын. Соның өзінде науқас әлі білмей жүрген кезінде осы комплекстің арқасында, компьтерлік томографпен, момографпен, УЗИ эскперттік класс, жапондық құралмен анықталып, оларды алдын ала емдеп, сөйтіп, жақсы нәтижесін көріп жатырмыз.

Қаладағы диагностикалық қызметке қол жеткізе алмайтын ауыл халқына білікті дәрігерлер барып, медициналық қызмет көрсетіп келеді. «Қайырымдылық бастама ретінде қолға алынған бұл жоба сәтті іске асты», - дейді мамандар.

Диляра Қайдарова, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ бірінші проректоры:

- Жобаның тиімділігін ауыл тұрғындары сезінді деп ойлаймын. Бұл жұмыс жалғасады. Сүт безі қатерлі ісігін, өзге де ағзаларда болатын обыр белгілерін ерте кезден анықтап, науқасқа дұрыс бағыт-бағдар беру маңызды.

Алдағы уақытта «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры еліміздің өзге өңірлеріне де осындай жылжымалы медициналық кешендерді жеткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: А.Садуақас, В.Лобанов