Алматылық трансплантологтар 12 сағат бойы күрделі операция жасады
Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері тоғыспалы бүйрек трансплантациясын жасады, деп хабарлайды 24KZ. Мұндай операция Қазақстан медицинасы тарихында алғаш рет қолға алынды. Ғылыми хирургия орталығының трансплантологтары 12 сағаттың ішінде үш донорлық және үш бүйрек ауыстыру отасын жасады. Бұл пациенттердің өз туыстарымен медициналық көрсеткіштері үйлеспеген. Алайда өзара донор алмасудың арқасында әрқайсысы өмір сүруге мүмкіндік алды.
Тоғыспалы бүйрек трансплантациясы туыстық қатынасы жоқ донорлар мен реципиенттер арасында жасалады. Мысалы, ағасы науқас інісіне бүйрегін бергісі келеді. Бірақ туған бауыры болса да, қан тобы сәйкес келмесе көмектесе алмайды. Дәл осындай себеппен әкесінің ағзасы қызына жарамайды. Дегенмен бұл донорлар бір-бірінің туысқандарына көмектесе алады. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында осындай операция бір мезетте үш реципиент пен үш донорға жасалды.
Айжан Тұрлыбекова, реципиент:
- Маған күйеуім өзінің ағзасын бергісі келді. Бірақ біздің қан топтарымыз әртүрлі. Мұндайда операцияға рұқсат жоқ. Біз түрлі жолдарды қарастырдық. Кейін осындай әдіс бар екенін естідік. Маған 58 жастағы Талап дейтін азаматтың бүйрегін салды. Ал күйеуімнің ағзасын үшінші науқасқа берді.
Сызғановтың дәрігерлері қиын операцияны 12 сағатта аяқтады. Бүйрек трансплантациясы кезінде барлық пациенттердің медициналық көрсеткіштері 100% сәйкес болуы тиіс. Бұл науқастардың тезірек аяққа тұруына жақсы.
Руслан Бейбітұлы, реципиент:
- Диагнозым оған дейін ХПМ 5 стадия болды. Бес жыл гемодиализде жүрдім. Қиын болды гемодиализ. Сосын ағамның қолдауымен екінші өмір сыйлады ағам. Ағама үлкен рақмет. Үйстіп ота сәтті өтті. Осы Сызғанов ұжымына, дәрігерлерге, барлықтарына алғысым шексіз. Денсаулық жақсы. Қанша дегенмен денсаулықтын қадірін бес жылда өте қатты түсіндім. Енді көзқарасым, өмірге деген құлшыныс жақсы.
Қазақстан мұндай жоғары технологиялы операциялар жасалатын әлемнің алты елінің қатарына енді. Бұрын АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Түркия және Үндістанда жасалатын. Енді отандық дәрігерлер трансплантологияның жаңа белесін бағындырып отыр.
Болатбек Баймаханов, «А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Былтыр бұл практиканы бастағанбыз. Екі адамнан алғанбыз. Биыл енді үш адамдікі, өздерінің жақын адамдарының, туыстарының бір-біріне қан группасы келмегендіктен, ауысу арқылы үш адамға бірден трансплантация жасалды. Бір күнде. Ол енді үлкен жетістік деп ойлаймын. Мұндай операция жасау үшін дайындық керек. Мамандардың жоғары білімділігі керек.
Тоғыспалы бүйрек трансплантациясы әдісі-донор тапшылығын шешудің бір жолы. «Егер елімізде мәйіттік донорлық жолға қойылса, науқастарды емдеп жазу әлдеқайда жеңілдер еді», – дейді дәрігерлер. Қазір еліміз бойынша бес мыңға жуық науқас ағза доноры кезегінде тұр. Олардың 100-ге жуығы – 18-ге толмаған балалар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов