Қ.Тоқаев: Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға баса мән береді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына құттықтау жолдады, деп хабарлайды 24kz.
Себебі, жуырда дәрігерлер алғаш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салатын аса күрделі операция жасады. Осындай жетістіктердің арқасында Қазақстан өте күрделі трансплантациялық операцияны жасайтын әлемдегі алты мемлекеттің қатарына қосылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова Алматыға арнайы жеткізді. Қиын операция профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жасалды. Президент хатында: «Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға баса мән береді. Бұл ретте көптеген іргелі бастама қолға алынып, ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде ұлттық медицина қарқынды дамып келеді. Сіздер жасаған бірегей операция – соның айқын дәлелі», - делінген. Тамара Дүйсенова бүйрек ауыстырған пациенттермен де кездесіп, қал-жағдайын білді.
Тамара Дүйсенова, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:
- Күнделікті мынау денсаулық сақтау саласында, білім саласында, жалпы әлеуметтік салада не істеліп жатыр, қандай проблемалар болып жатыр, соның бәрі күнделікті Мемлекет басшысының столында. Сол сіздердің операцияларыңызды көріп, жалпы біз мына Болатбек Бимендіұлының арқасында, дәрігерлердің арқасында дүниежүзінде алтыншы мемлекетке ендік.
Тоғыспалы бүйрек трансплантациясы жақын адамдар бір-біріне донор бола алмайтын кезде жасалады. Яғни, донор өз ағзасын туысқанына емес, медициналық жағынан сәйкес келетін басқа адамға береді. Нәтижесінде үш пациентте бір мезетте бүйректерін ауыстырып, ұзақ өмір сүруге мүмкіндік алады. Айта кетейік, бұл науқастардың алды 12 жыл бойы гемодиализбен өмір сүріп келген.
Руслан Бейбітұлы, реципиент:
- Диагнозым оған дейін ХПМ 5 стадия болды. Бес жыл гемодиализде жүрдім. Қиын болды гемодиализ. Сосын ағамның қолдауымен, екінші өмір сыйлады ағам. Ағама үлкен рақмет. Ота сәтті өтті. Осы Сызғанов ұжымына, дәрігерлерге, барлықтарына алғысым шексіз.
Бұл операция дәрігерлерден жоғары біліктілікті қажет етеді. Бұған дейін АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Түркия және Үндістанда ғана жасалып келген. Енді жоғары технологиялық операцияны қазақ хирургтары да меңгеріп отыр.
Болатбек Баймаханов, «А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Әр ұжым, әр басшы алдына қойған тиісті міндетемелерді орындап, осы еліміздің алдыға жылжуына, жоғары көрінуіне әрекет жасау керек деп ойлаймын. Оның бәріне жағдай жасалған. Сондықтан мен ойлаймын, ұжымға да байланысты. Осы халықтың денсаулығын нығайтуға әркім өз орнында жұмыс істеу керек.
Қазақстанда бүйрек трансплантациясы мемлекет есебінен тегін істеледі. Александр Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы 1945 ашылған. Мұнда күрделі хирургиялық операциялар жасалады. Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова диагностикалық орталық пен операциялық блокты да аралап көрді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев