Астанада жүрек ырғағы орталығы науқастарды қабылдай бастады

Елордадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының негізінде жаңа Жүрек ырғағы орталығы ашылып, аз уақыттан бері науқастарды қабылдап жатыр.

Емдеу мекемесінің жұмысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова арнайы барып танысты. Орталықтың сырқатты ерте диагностикалау мүмкіндігі зор. Емдеудің заманауи әдістері қолжетімді. Әрі бұнда болашақ кадр даярлау мен телемедицинаны дамытуға барлық жағдай жасалған. Клиниканы аралап көрген министр Әлназарова Орталық күрделі жағдайларды онлайн-консультациялауға, аритмиясы бар пациенттерді сапалы әрі үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Айта кетейік, осы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы – бүкіл ел бойынша жедел жәрдем қызметін үйлестіретін бірегей емдеу мекемесі саналады. 250 төсектік орынмен қамтылған, заманауи клиникалық базамен жабдықталған және 29 бейін бойынша 9 клиникалық орталықтан тұрады. Аурухананың жеке тікұшақ алаңы бар. 

Аян Әбдірахманов, жүрек ырғағы орталығының жетекшісі:

- Өткен жылы Медицина университетінде ғылыми-зерттеу институты ашылған Жүрек ырғағы ҒЗИ. Соған клиникалық база деп сондай мақсатпен ашылып отыр. Біздің жас резиденттер мен жас кардиологтардың операцияларға қатысып, үйреніп, қолжетімді болатындай жағдай үшін, жас мамандарды даярлайтындай. Сонымен қатар біздің региондағы дәрігерлерді осы орталыққа келіп даярлау үшін ашылып отыр. Қазіргі уақытта 14 операция жасалды, әлі де науқастар көп. 

Сағдат Жүнісов, емделуші:

- 29-ы операция жасалды бәрі жақсы. мынау керемет салынған больница екен. Медперсонал өте сондай қойылған екен. Бәрі уақытымен.