Қазақстанда роботтың көмегімен қатерлі ісікке операция жасалды
Отандық медицина тарихында алғаш рет қашықтан роботтандырылған операция жасалды, деп хабарлайды 24KZ. Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғызыми-зерттеу институты мен Бейжің университетінің Бірінші ауруханасы бірлесе отырып, науқастың бүйрегіндегі қатерлі ісікті алды.
Роботтандырылған хирургиялық Sagebot SR–2000 жүйесін қытайлық дәрігерлер қашықтан басқарды. Заманауи технология мамандардың алыста болса да, бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Онкологиялық институттың дәрігерлері алдағы бірнеше айда роботтандырылған хирургиялық жүйені қолдана отырып, тағы 50 операция жасауды жоспарлап отыр. Бұл урология, гинекология және жалпы хирургия салаларында кеңінен қолданылатын, заманауи әрі тиімді әдістің бірі.
Бақытжан Оңғарбаев, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Роботтандырылған операциялық жүйенің бір басқару тетігі Қытайдың Пекин қаласында орналасқан. Мұндағы біздің екі дәрігер операция бөлмесіндегі екінші басқару тетігі арқылы қытайлық профессорға көмектеседі. Роботтандырылған операция асқан дәлдікпен жасалатындықтан, пациенттің ағзасының сау бөлігін сақтап қалуға мүмкіндік көп.