176 ауылда денсаулық сақтау нысаны салынады
Бұрын-соңды медициналық мекемелер болмаған ауылдарда 176 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады. Қазіргі таңда бірқатар шалғай елді мекендерде фельдшерлік, акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жүріп жатыр. Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған бастама «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Мұндағы міндет – ауылдағы ағайынға уақытылы шұғыл алғашқы жәрдем көрсету. Басы ауырып, балтыры сыздаған ел қалаға сабылып әлекке түседі. Бұқараның бұл базынасын ұлттық жоба толықтай шеше ала ма?
Қазір қараша дертіне дауа іздеп, аудан орталығы мен қалаға ағылады. Себебі жергілікті жерде емдеу мекелері жоқтың қасы. Талай жылғы түйткілді бір ғана жоба толық шешеді деуге келмес. Десе де бұл бастама шамамен 1 млн ауыл тұрғынына алғашқы медициналық көмекті қолжетімді етуді көздейді. Бүгінгі таңда 479 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталыпты. Бұрын-соңды медициналық мекемесі болмаған 178-і ауылдағы ағайынның игілігіне берілді.
Тимур Мұратов, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
- 78 нысан ауылдарда болмаған екен. Осы ауылдарға жаңадан салынып отыр. 301-і бұрынғы, ескірген және бейімделген ғимараттардың орнына салынған және де біз 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмысмен шұғылданамыз. Бұл жобаның мақсаты – 32 аудандық аурухананы көпсалалы ауруханалар деңгейіне жеткізу.
Қазақстанда қазіргі таңда алғашқы медициналық көмек көрсету пункті жоқ 300-ден аса ауыл бар екен. Бұл мәселені вице-министр: «Ұлттық жоба аяқталған соң жергілікті жердегі әкімдіктермен бірлесіп шешеміз», – деп сендірді. Ал әзірге жыл соңына дейін республика бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бастамасымен 655 емдеу нысанын қолданысқа беру көзделіпті.
Тимур Мұратов, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
- Ауыл халқына реабилитациялық қызметті жеткізу өте маңызды. Бізде жаңадан салынайын деп отырған 32 ауданаралық аурухананың барлығында екінші кезеңдік оңалтуға арналған көмек қарастырылған. Олардың барлығында арнайы бөлімше бар. Үшінші кезеңде көмекті халыққа қолжетімді ету үшін 655 жаңа нысандардың барлығында реабилитациялық құрал-жабдықтар қарастырылған.
Ұлттық жоба емдеу мекемелерін салу ғимараттарды жаңартумен ғана шектеле ме? Әлде ауылды жердегі ақ халаттылардың тапшылығы мәселесін шешуге де күш сала ма?
Ұлттық жобада қарастырылған тағы бір міндет – ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын қажетті мамандармен қамтамасыз ету. Оларға жағдай жасау, сапалы қызмет көрсететін білікті кадр тарту жұмыстары жоспарланыпты. Жыл соңына дейін 176 емдеу мекемесінің құрылысы аяқталса, оларға 140-қа жуық ақ халаттыларды жіберу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау нысандарының цифрлық картасы әзірленеді. Өткен жылы пилоттық режимде 10 облысқа енгізілген жоба енді бүкіл республика бойынша кеңейтілмек. Жаңашылдық саладағы ашықтық пен қолжетімді қызметті қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Нұркен Әлиев, «Turar Healthcare» КЕАҚ басқарма төрағасының м.а.:
- Цифрлық карта биыл еліміздің барлық өңірін қамтиды. Қазіргі таңда Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе, Ұлытау және Жетісу облыстары бойынша шеберлік жоспарларын әзірлеу аяқталды. Қалған аймақтар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы алғанда 34 ірі жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында ұлттық ғылыми орталықтар, перинаталдық және көпбейінді ауруханалар, университеттік клиникалар бар.
Ұлттық жобаны тиімді әрі жедел жүзеге асыру үшін типтік жобалар әзірленген. Бұл тәсіл жобалау уақытын қысқартып, құрылысқа қазынадан бөлінген қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берген. Тағы бір айта кетерлігі, нысандарды салу кезінде құрылыс материалдары мен жабдықтардың 80%-і отандық тауар өндірушілердің өнімі қолданылған.
Авторы: Кәмшат Мұхамеджан