Ұлытауға жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 8 млн теңгеге дейін төленеді

Ұлытау облысында медицина мамандарының тапшылығын жоюға арналған бағдарлама өз жемісін беріп келеді, деп хабарлайды 24KZ. Биыл бұл жобаны жүзеге асыруға 170 млн теңге бөлінген. Осылайша денсаулық сақтау саласы білікті дәрігерлермен толығып жатыр. Қазір өңірге 50 дәрігер қажет.

Екі жыл бұрын қолға алынған жоба аясында өңірге білікті 50 дәрігер келді. Бағдарлама бойынша оларға көтермеақы төленіп, тұрғын үй беріледі. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ортопед-травматолог Алмасхан Жорабек осындай бастаманың игілігін көріп отыр. Алматыдағы жоғарғы оқу орнының түлегі қазір облыстық көпсалалы аурухананың травматологиялық бөлімшесін басқарады.

Алмасхан Жорабек, облыстық көпсалалы аурухана травматология бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

- Көптеген жас маман қайда барып жұмыс істеу керегін білмей жатады. Оған қоса көтермеақы мәселесі де бар. Мысалы, кейбір облыста аз төленсе, мұнда 7 млн теңге берілді. Бұл өте тамаша қолдау деп есептеймін. Бұған қоса менің резидентурамның ақысын да төледі. Бұл мен үшін нағыз көмек болды.

Келетін мамандарға 5-пен 8 млн теңге аралығында көтермеақы төленеді. Ауылдық жерге баратын дәрігерлерге қосымша жәрдемақы да беріледі. Бұған қоса жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы үй сатып алуға мүмкіндігі бар.

Сабина Ниязова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл жаңа дәрігерлерді күтіп отырмыз. Оларды қолдау мақсатында 170 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, резидентурада білім алып жатқан 39 дәрігер бар. Олар келер жылы оқуын аяқтап, жұмыс істеуге келеді.

Өңірдегі медицина мамандарының біліктілігін арттыруға мақсатында соңғы жылдары 400 дәрігер түрлі оқу орны мен жетекші клиникаларда оқып келген. 10-нан астам маман шет елдерде тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар облыстағы ауруханаларда заманауи емдеу әдістері енгізіліп, нысандар жаңа құрылғылармен жабдықталып жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Елизавета Шалина, Нұрдәулет Аманкешов