БҚО-да 14 амбулатория салынады
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында биыл 14 медициналық мекеме салынады, деп хабарлайды 24KZ. Құрылысқа қажетті екі миллиард теңге шетелден қайтарылған активтерді басқаратын арнаулы қордан бөлінген.
Алты ауылда дәрігерлік амбулатория бой көтерсе, қалғандарында фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт пайдалануға берілмек. Осының арқасында 10 мыңдай тұрғынға сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге мүмкіндік туады. Ал жалпы жоба бойынша 2023-2024 жылдары өңірде 36 емдеу мекемесі салынды.
Нұркен Молдашев, Құрылыс басқармасының басшысы:
- Тамыз айына дейін барлық нысанның құрылысын аяқтаймыз. Қазір алты нысанды пайдалануға бердік. Ол нысандар ашылды. Қалғандары дайын. Тек бір нысан тамыз айына дейін созылады. 14 нысан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Сырым, Жаңақала аудандарында салынып жатыр.
Асылбек Қаналиев, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жаңа медициналық нысандарда 44 мың адам сапалы медициналық көмек алады. Бізде әлі де 49 нысан қажеттілігі бар құрылыста. Бұл дейтін жаңағы ескі нысандар. Қазіргі стандарттарға сай келмейтін, кеңес үкіметінен қалған контора, типтік емес ғимараттарда отырған мекемелер бар. Соларға типтік осындай жоба салғымыз келеді. Жоспарымызда бар.