Талдықорғанда мүгедектігі бар жандар үйден оңалтудан өтеді
Талдықорғанда спорттық-оңалту орталығының мамандары мүгедектігі бар жандарға үйлеріне барып, көмек көрсете бастады, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асты. Қазіргі таңда облыстың 100-ден астам тұрғыны алысқа бармай-ақ ем-дом алған.
Дәрігерлер Гүлнар Омароваға миына жасалған операциядан соң Паркинсон ауруына шалдықты деген диагноз қойды. Оңалту шарасы оңайға соқпады. Массаж қабылдап, емдік дене шынықтыру сеанстарына бару үшін жол шығынына қосымша қаржы қажет. Тағдырдың жазуымен мүгедек арбасына таңылған жандар мемлекеттік қолдаудың арқасында өз үйлерінде тегін ем қабылдай бастады.
Гүлнәр Омарова, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Менің қатынауым қиын. Былтыр оңалту орталығына баратынмын. Биыл енді балалар үйге келіп, ЛФК, массаж жасап жүр. Өте жақсы. Өте ризамын. Денсаулығым жақсарып қалды. Әйбат, кішкене жақсы болып қалды.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған жандарға көмек көрсету жобасы Жетісу облысында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс бойынша жыл басынан жүзеге асып келеді. Бұған жергілікті бюджеттен 140 млн теңге бөлінді.
Ермек Мизамбаев, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Жыл аяғына дейін тек қана Талдықорған қаласы бойынша 200-ге жуық азаматтарды қамту жоспарымызда бар. Бүгінгі күні 108 азаматқа арнайы қызметтер көрсетілді. Жалпы келесі жылы біздің осы Талдықорған қаласына жақын маңайда орналасқан Көксу, Ескелді ауданы, Текелі қаласында осындай жобаларды ары қарай кеңейту жоспарымызда бар.
Жетісу облысында мүгедектігі бар азаматтарға арнайы қызмет көрсететін 13 орталық жұмыс істейді. Онда қазір 1400-ге жуық адам ем қабылдап жүр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев