Қостанай облысында әйел адам медицина қызметкеріне күш көрсетті
Қостанай облысында тағы да медицина қызметкері соққыға жығылды.
Облыстық аурухананың қабылдау бөліміне келген азаматша мен мекеме жұмысшысы арасында жанжал шығып, ашуға мінген әйел аурухана тіркеушісіне күш көрсеткен. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін ауруханада қызметтік тексеріс басталды. Денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызметкерлерге сес көрсетуге немесе соққыға жығуға жол берілмейтінін ескертеді.
Карина Базарбаева, Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
"Қостанай облыстық ауруханада болған оқиғаға байланысты "соққыға жығылу фактісі" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жанжалға қатысы бар екі тарап та қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысушылардың жауабы алынып, болған жайттың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Айта кету керек, ауруханада кезекшілік еткен полиция қызметкері оқиғаға дер кезінде араласып, жанжалдың шығуына жол бермеді".