Көкшетауда жүкті әйелдерге арналған пансионат ашылды

Көкшетау қаласында жүкті әйелдерге арналған пансионат ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Шалғай ауылда тұратын, айы-күні жетіп отырған жүкті әйелдер орталыққа жатқызылып, дәрігерлердің бақылауында болады. Оның ішінде бұған дейінгі жүктілігі ауыр өткен аналар басты назарда. Жаңа пансионатта қазір 6 әйел ем алып жатыр.

Асыл Қуандықова жаңа пансионатта ем қабылдап жатыр. Жақсы ауданынан келген көпбалалы ана бесінші сәбиіне жүкті. Осы уақытқа дейін облыс орталығына қатынау қиын болғанын айтады. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Асыл Қуандықова, Жақсы ауданының тұрғыны:

- Осы кезеңге дейін салыстырсам, әрине, біз осы уақытқа дейін жеке көлігімізбен келетінбіз. Жолда жүру оңай емес. Алыс жол ғой дегенмен. Ал, мына жерде жатып ем алу, уақытында күтіну дұрыс деп ойлаймын. Әсіресе, жүкті әйелдердің босану мерзімі таяған уақытында өте тиімді деп ойлаймын.

Орталықта жүктілігі ауыр өтіп жатқан келіншектер ғана ем алады. Босанатын кезі жақындағанда акушерлердің бақылауында болады. Сәбиін қолына алғаннан кейін де оңалту шаралары жүргізіледі. Пансионатқа қаладан шалғайдағы аудан, ауылдардан келген жүкті әйелдер ғана жатқызылады.

Айымгүл Маханова, акушер-гинеколог:

- Мысалы Жарқайың ауданы облыс орталығынан 600 шақырым жерде орналасқан. Жақсы мен Атбасар аудандары да өте шалғай жерде. Сондықтан ол жақтағы жүкті әйелдерге, оның ішінде сын-қатер тобындағы жандарға қатынау қиын. Сол себепті біз жүктілігі ауыр өтетін әйелдерді осы орталыққа жатқыздық. Біздің дәрігерлер оларды тәулік бойы бақылап, тиісті ем-дом шараларын көрсетеді. Бұл алдағы қауіп-кетердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Орталық көпбейінді облыстық аурухананың перинаталдық орталығының базасында ашылды. Әзірге тек 10 орынға есептелген. «Бірақ алдағы уақытта ем алушылардың саны артса, тағы қосымша 10 орынға кеңейтуге мүмкіндігіміз бар», - дейді мамандар.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный