Ұлытау облысында денсаулық сақтау саласын дамытудың өңірлік бағдарламасы жасалады

Бұл туралы аймаққа жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

Министрлік, облыс әкімдігі мен жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бағдарлама шеңберінде өңірдегі маман тапшылығын жою, медицина мекемелерін жабдықтау секілді ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Ұлытауда Астана мен алматылық дәрігерлердің көшпелі тобы жұмыс істеп жатыр.  Мамандар өңір тарихында тұңғыш рет ангиография арқылы қан тамырларын тексеріп, сүт безі ісігіне операция жасады. Ұлттық орталықтардан келген дәрігерлердің айтуынша, болашақта мұндай операцияларды  жергілікті жерде жасау керек.

Оразбек Ешниязов, қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігері:

- Ең басты мәселе Ұлытау өңіріндегі кадр жетіспеушілікті жою болып табылады. Қазіргі уақытта онколоия және радиология институтының базасында бірнеше мамандар дайындалып жатыр. Біздің басты мақсатымыз өңірге амбулаторлық  көмек көрсету және өңірдегі дәрігерлерді методикалық дәрістеу болып табылады.

Өңірде жыл басынан бері 260 адамнан қатерлі ісік анықталған. Жалпы онкологиялық дертке шалдыққандар тізімінде екі жарым мыңнан астам адам тұр. Кадр тапшылығы салдарынан дертті ерте кезеңде анықтау көрсеткіші төмен. Былтырғы жылмен салыстырғанда өлім-жітім де көбейген. Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдігі және жер қойнауын пайдаланушы компания арасында жасалған үшжақты меморандум осы мәселені шешуге бағыттаған. 

Дастан Рыспеков, облыс әкімі:

- Өңірімізде онкологиялық көмек көрсету өзекті мәселесі тұр. Халыққа онкологиялық көмек көрсету үшін жаңа корпус салу көзделіп отыр. Бұл бойынша қазір сметалық құжаттама дайындалып жатыр. алдағы жылы онкологиялық орталық құрылысына және жабдықталуына денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау көрсетуіңізді сұраймын.

Үш жақты меморандум аясында Ұлытау облысында денсаулық сақтау саласын дамытудың өңірлік бағдарламасы жасалады. Аймақтағы медицина мекемелерінің ахуалын бағамдап, мүмкіндігін саралау үшін министрліктен арнайы жұмыс тобы келеді. Соның нәтижесі бойынша алда атқарылатын міндеттер нақтыланады. Бұдан бөлек Ақмарал Әлназарова алдағы үш жыл ішінде Ұлытауда онкологиялық көмекті жетілдіру үшін үкіметтен 5 млрд теңге бөлінетінін айтты.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Онкологиялық науқастарды ерте анықтау мәселесі барлық өңірлер бойынша күрделі. Бірақ енді Ұлытау облысы Президенттің тапсырмасы бойынша жаңа құрылған облыс үшін бұл мәселені ұйымдастыру біздің ең басты міндеттеріміздің бірі болып қалуы керек. Себебі ерте анықтау, ерте емін бастау мәселесі халық үшін әлі де қолжетімсіз болып отырғанын айтып кету керек.

Соңғы екі жылда өңірдегі медицина мекемелерін заманауи құралдармен жабдықтауға 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Дегенмен, әлі де көрсеткіш 80 пайыздан аспай тұр. Қазір аймақта түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында 20 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. оның 13-і биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов