Отандық дәрігерлер миға күрделі операция жасады

Отандық дәрігерлер көлемді ми ісігін алып тастады, деп хабарлайды 24kz.

Сөйтіп, науқастың көру қабілетін сақтап қалды. Осылайша, Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері кезекті бірегей операцияны жасады. Мамандардың айтуынша, мұндай ем-дом медицинасы көш ілгері елдердің өзінде жасала бермейді.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- 47 жастағы ақтөбелік  Жайықбай Оспанов үнемі бас ауруымен қатар көз жанарының суала бастағанын айтады. Жасамаған ем-домы қалмапты. Жанына батқанын аурудан нейрохирургтер жасаған операциядан кейін құтылған. Дәрігерлердің ептілігінен қазір көру қабілеті де жақсы.

- Операциядан кейін жағдайыңыз қалай?

Жайықбай Оспанов, емделуші:

- Шүкір жақсы болып қалдым. Бұрын басым айнала беретін. Қандай ем қолданатынымды білмедім. Осы жаққа келгеннен кейін жақсы боп қалдым.

Бұл ғана емес, мұнда алыс-жақын шет елден дертіне дауа іздеп келетіндердің саны жыл санап артқан. Демек, орталық дәрігерлері медициналық туризмнің де тамырына қан жүгіртіп отыр. Бұған дейін 500-ден астам өзге ел азаматы ауруынан айығыпты. Отандық мамандар бұрын күрделі деп жүрген операциялар өз азаматтарымызға тегін жасалатынын айтады. Мәселен, Жайықбай Оспановтың да емі мемлекет есебігнен ақысыз болыпты.

Айдос Құрманақынов, нейрохирург-дәрігер:

- Науқас жергілікті дәрігерге қаралғаннан кейін біздің орталыққа МӘМС жүйесімен келді. Ота тегін жасалды. Бас миының көлемді ісігін заманауи микрохирургиялық жолмен жасалды. Көру белгісі мидың маңызды тамырлары сақталды. Операциядан кейін көз көруі сақталды. Қазір қалыпқа келіп жатыр. Ұлттық нейрохирургия орталығында жиі жасалады мұндай оталар.

Орталық дәрігерлері жылына 4500-ден астам адамға күрделі нейрохирургиялық операция жасап, аяғынан тұрғызған. Мұндағы нейрохирургтер ми мен жұлынға, нерв жүйелеріндегі қатерлі ісік пен омыртқаға күрделі операцияларды сәтті жасап жүр. Әрі өте сирек әдісті қолданады. Сондай-ақ мамандар инновациялық технологияның озық үлгілерін еркін меңгерген. Тіпті бұған дейін жұлын ішіне біткен ісікті де еш қиындықсыз сылып тастаған.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Бағдат Қайыркен