Елімізде жыл соңына дейін 650 медициналық нысан пайдалануға беріледі
Еліміздегі 200-ден астам аудандық орталық ауруханалар алдағы жылдың аяғына дейін қайта жаңартылады.
Бұл туралы Қостанай облысына барған сапарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Министр Рудный қаласында болып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жыл аяғына дейін елімізде 650 медициналық нысан пайдалануға беріледі. Одан бөлек 200-ден астам аудандық аурухананы қайта жарақтандыру мақсаты тұр.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Оның ішінде балалар ауруханасы ересектерге арналған ауруханалар ішіне кіреді. Кезінде жабылып кеткен бөлімшелерді халықтың санына байланысты, біз есебін шығарып, соған тиісті жоспар құрдық. Сол жоспар бойынша жоғарыда айтып кеткен кем дегенде 2 мың 700 төсек орын ашылады. 50-ден астам тар буынды бөлімшелер ашылады.
Кездесу барысында көпшілікті толғандырған өзекті мәселелер де көтерілді.
- Соншама төлеп жатқан медициналық страховкаларымыз қайда кетіп жатыр? Ол больница неге қарыз? Сол сұрақтарға жауап берсеңіз.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Кредиторлық қарыз жинақталған он мекеменің тізімін жергілікті акиматтың мәслихаттарына тексеруге жолдауға тапсырдым. Яғни мәслихаттардың жанында ревизионная комиссия солар арқылы тексерту керек деп ойлаймын.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысында соңғы жылда 25 фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Соның арқасында 20 мыңнан астам адамға медициналық қызмет қолжетімді бола түсті.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг