Қостанай облысында ауыл медицинасы жақсарып келеді

Қостанай облысының ауылдарында соңғы екі жылда 25 медициналық нысан салынды. Барлығы да қажетті, замануи құрал-жабдықтармен жарақталған.   Емдеу мекемелерін мамандармен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тауып келеді. Осы жыл ішінде өңірлік денсаулық сақтау саласына 800-ге жуық медициналық қызметкер қабылданған.

Ерлі-зайыпты Алмасбек пен Гүлбану сонау Шымкент қаласынан Қостанай облысының Октябрь ауылына екі жыл бұрын қоныс аударған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жас жұбайларды әлеуметтік қолдау шаралары қызықтырғаны хақ.   

Алмасбек Аршабай, Октбярь ауылдық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері:

- Қаржылай көмек ретінде дәрігерге 5 миллион төленді және аудандық аурухана тарапынан 100 МРП – 300 мың теңге төленді. Оған қосымша ведомствоға қарасты үйді берді.

Октябрь ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория жабдықталуы жағынан қаладағыдан кем емес. Қажетті алғашқы медициналық қызметтің барлық түрі көрсетіледі.

Фарида Әлмағанбетова, Октябрь ауылының тұрғыны:

- Қараламыз, ем тағайындайды. Сосын өзіміз «система» алып жатамыз. «Укол» алсақ – «укол». Бәрін өздері жасайды. Жүре алмайтын адамдар болса, үйге келіп, «система» қойып, қан қысымымыз жоғарылады деп жедел жәрдем шақыртсақ та, келе қояды. Жақсы мамандар.

Келуге ниетті мамандардың әрқайсысына облыстық әкімдік елді мекеннің қашықтығына байланысты 5 миллионнан 7 миллион тенгеге дейін көтермақы төлуге әзір. Үй-жаймен де қамтасыз етеді.

Ерболат Доспанов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Келісімшарт жасасқан дәрігерлер бар. Яғни басқа облыстан келетін, сосын жоғары оқу орнынан бітіріп жатқан түлектер бар және біздің облыс бюджетінен резидентурада гранттар оқытылып жатыр. Биыл 56 грант бөлінді.

Облыстағы медициналық кадр тапшылығы мәселесін алдағы бір-екі жылда толық жою жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг