Қызылорда облысында медициналық орталық ашылады

Қызылорда облысында төрт аудандық аурухана жанынан жаңа ғимараттар салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Онда заманауи медициналық қондырғылар орнатылады. Бұған дейін Арал, Қазалы, Қармақшы және Байқоңыр тұрғындары «басы ауырып, балтыры сыздаса», облыс орталығына  сабылатын. Жаңа нысандар бой көтерсе, бұл олқылықтың орны толып,  тұрғындар жергілікті жерде ем ала алады.

Арал ауданының 68 жастағы тұрғыны Нағмет Иманғалиевтің жүрегіне Қазалы аудандық ауруханасында сәтті операция жасалды. Науқас кенеттен жүрек талмасымен ауруханаға жеткізілген.

Нағмет Иманғалиев, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Біздерде операция істемейді, стенд қоймайды дейді Аралда. «Қазалы жақсы істейді», – деп сол жаққа жіберді. Мен қатты ауырдым. Қызылордаға жете алмайтын түрім болды. Мұнда келіп істеді, бәрі қазір жақсы.

Мамандардың айтуынша, Қазалы аудандық ауруханасы бастапқыда бес бөлімшеге арналып салынған. Дегенмен соңғы жылдары кардиологиялық көмекке сұраныс артқандықтан, аурухана базасында жаңа бөлімше ашуға тура келген.

Кенесары Баспаев, хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Біз облыс орталығынан, Қазалының өзінен 360 шақырымда орналасқанбыз. Арал ауданы 460 шақырым, бағанағы бір пациент айтқандай, ол кісі үшін облыс орталығынан 510 шақырым. Яғни ондай пациенттерді ауыр жағдайда тасымалдау мүмкін емес. Кардиология бөлімшесін арнайы ашуға тура келді. Сол кезде ауруханамызда орын жетіспеушілігі анықталды. Төрт ауданға қызмет етеміз деп айттық қой, Мысалы, бізде айына 50-60 операция болады.

Мәселені түбегейлі шешу үшін Қазалы аудандық ауруханасы жанынан жаңа медициналық ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Онда магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография және ангиографиялық құрылғылар орнатылады.

Алмасбек Есмаханов, Қазалы ауданының әкімі:

- 1,9 млрд теңгеге ауданымызда 42 орындық инсульт және жүрек сырқаты бар азаматтарымыз ем алу үшін арнайы қосымша құрылыс салынып жатыр. Бұл жоба 16 желтоқсанға дейін аяқталып, ел игілігін көреді. 

Қазалыдан бөлек, Жаңақорған, Шиелі, Арал аудандарындағы орталық ауруханалар жанынан қосымша ғимарат салынады. Бұл мақсатқа қайтарылған активтер есебінен қаржы бөлінген. Жоба жүзеге асқаннан кейін ауылдық елді мекендегі 300 мыңнан астам адам арнаулы медициналық көмекке қол жеткізеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев