Шымкентте дәрі-дәрмектің 38 түрі өндіріледі

Шымкенттегі фармацевтика зауытында дәрі-дәрмектің 38 түрі өндірілмек. Ол үшін 40 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылады. 

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Зауыт алғашқы өнімін 2029 жылы шығара бастайды. Онда өндірілген дәрілер онкологиялық, жүрек-қан тамыры, инфекциялық және созылмалы ауруларды, соның ішінде туберкулезді емдеуге арналады. Жоба импортты алмастырып, экспортты ұлғайтуды көздейді. Осы уақытқа дейін фармацевтика саласында 316 млрд 300 млн теңге сомасына 6 инвестициялық келісім жасалды. 

Аслан Қинаятов, ҚР ДСМ Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры:

- Жоба Мемлекет басшысының қазақстандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру, елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайту және инвестицияларды проактивті тарту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған. Келісім Polpharma Santo компаниясының қолданыстағы зауытында ауқымды инвестициялық жобаның жаңа кезеңін бастауға жол ашты.