Алматыда қызылшамен ауырғандар саны күрт өсті

Жыл басынан бері 600-ге жуық адам ауру жұқтырды.

Дертке шалдыққандардың дені қызылшаға қарсы вакцина алмаған балалар. Осы жағдай инфекцияның таралуына себеп. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қасымхан Алпыс-байұлы айтты. Қазір ауруға қарсы іс-шаралар жүріп жатыр. Науқаспен байланыста болған алты мыңнан астам адам медициналық бақылауға алынып, 700 тұрғынға екпе салынды. Дәрігерлердің айтуынша, қызылша асқынған жағдайда пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдануына және басқа да ауыр жағдайға әкелуі мүмкін. Оған жеңіл өтетін инфекция деп қарамау керек. Әсіресе бір жастан төрт жасқа дейінгі балалар осал топқа кіреді. Қызылшадан қорғанудың жалғыз тиімді жолы вакцина, дейді мамандар.

Қасымхан Алпысбайұлы, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

- Қаулыға байланысты бүкіл қалалық емханаларға календарлық күнтізбеге сәйкес өздерінің жоспарларына өзгерістер енгізілді. Бұл жерде 6 айдан және 10 ай 29 күнге дейін балалардың саны көбейтілді. Және бұл туралы жұмыстардың бәрі денсаулық сақтау басқармасында, мекемелерде жұмыс жүріп жатыр.