Қазақстанда ана өлімі төмендеді: негізгі факторлар белгілі болды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ана өлімі көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша, есепті кезеңде ана өлімі көрсеткіші 100 мың шақалаққа шаққанда 6,8-ді құрап, 2025 жылы тіркелген 12 көрсеткішінен айтарлықтай төмендеген. Сонымен қатар нәресте өлімі де 5,92-ден 5,56-ға дейін азайған.

«Аналар денсаулығын сақтау саласындағы оң динамика бірқатар факторларды күшейту нәтижесінде қол жеткізілді. Атап айтқанда, жүкті әйелдерді ерте бақылаумен қамту деңгейі 77,6%-ға дейін артты, ал фертильдік жастағы әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамту көрсеткіші 54,5%-ға жетті», - деді Тимур Сұлтанғазиев

Министрліктің тарапынан 17 өңірдегі 19 облыстық перинаталдық орталықты жаңғырту бойынша мастер-жоспарлар бекітілді. Бұл құрылымдарды біріздендіруге және озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

«Жаңғырту шеңберінде отбасын жоспарлаудан бастап босанғаннан кейінгі қалпына келтіруге дейін әйелдерге кешенді медициналық қызмет көрсету мақсатында «Әйелдер консультациялары» қайта ашылды. Қазіргі таңда олардың 273-і қалаларда, 152-сі ауылдық жерлерде, 24-і облыстық перинаталдық орталықтар жанында жұмыс істейді. Алдағы уақытта МСАК базасында қосымша 49 әйелдер консультациясын ашу жоспарлануда», – деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар ол өңірлерде 19 облыстық перинаталдық орталық жанынан «Салауатты Ана» пансионаттары ашылғанын хабарлады. Бүгінде мұнда 89 төсек ұйымдастырылып, жоғары қауіп тобындағы 3,5 мыңнан астам жүкті әйел алдын ала медициналық көмек алған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз