630 мың көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады
Елде 630 мыңнан астам отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады. Балалары бар отбасыларға арналған 5 негізгі жәрдемақы түрі қарастырылған.
Бала дүниеге келген кезде отбасыларға біржолғы жәрдемақы беріледі. Төлем сомасы бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге. Жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алады. Мамырда бұл төлемнің орташа көлемі 1,2 млн теңгені құрады. Ал бала күтіміне байланысты 86 мың теңгеден астам жәрдемақы төленеді.
Мемлекет мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға 81 871 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетеді. Ал көпбалалы отбасыларға 69 мың мен 121 мың теңге аралығында төлем қарастырылған. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне қосымша мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.