Өмір үшін күрес: Қарағандыда 5 айлық сәбиге күрделі ота жасалды

Фото: gov.kz

Қарағандыда дәрігерлер Теміртау қаласынан жеткізілген бес айлық сәбиге операция жасап, оның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды «24KZ»

Ота ашық жүрекке жасалған. Кардиохирург дәрігерлер нәрестеден өкпелік гипертензиямен асқынған атриовентрикулярлық септалды ақаудың аралық түрін анықтаған. Бұл – туа біткен жүрек ақауларының ауыр түрлерінің бірі.

 Аталған патология жүректің қалыпты жұмысын бұзып, қан айналымын қиындатады және жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін жүктемені арттырады. Уақтылы хирургиялық көмек көрсетілмеген жағдайда ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Операция Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді аурухана базасында өткізілді. Күрделі отаны жасау үшін өңірге Астанадағы UMC Жүрек орталығының мамандары келіп, жергілікті балалар кардиохирургтарымен бірлесіп жұмыс істеді.

Ота барысында жүрекшелер мен қарыншалар арасындағы қалқалардағы ақаулар жабылып, митралды қақпақшаға пластика жасалды. Өкпелік гипертензияның болуы операцияның күрделілігін арттырған.

«Бұл операция бала үшін өмірлік маңызы бар еді. Ақау түзетілгеннен кейін қан айналымы қалыпқа келеді, жүрекке түсетін жүктеме азаяды және сәбидің әрі қарайғы дамуына қатысты болжам айтарлықтай жақсарады», – деп атап өтті дәрігерлер.

Операцияның хирургиялық кезеңін UMC Жүрек орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбунов пен Қарағандыдағы №2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов жүргізді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз