Пластикалық хирургия клиникаларына жоспардан тыс тексеру басталды
Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізеді, деп хабарлайды «24KZ».
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері пластикалық хирургия саласында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 92 жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің көбеюіне байланысты тексерулердің басым бөлігі 2024 жылы болды.
Тексеру нәтижесінде лицензиялық талаптардың, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарының және медициналық құжаттаманы жүргізу қағидаларының бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ кейбір медициналық ұйымдардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткені белгілі болды.
Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Комитеттің аумақтық департаменттері міндетті түрде орындалуға тиіс нұсқамалар берді. Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Бақылау шаралары аясында Комитеттің аумақтық департаменттері пластикалық операциялардың соңы адам өліміне әкелген жекелеген жағдайлар бойынша да жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Мұндай оқиғалардың ең көбі Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелді.
Тексеру қорытындысы бойынша материалдар заңнамаға сәйкес тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз