Қазақстанда 50-ден астам медициналық нысан салынып жатыр

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазір ел бойынша жалпы құны 108 млрд теңгені құрайтын 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жобалардың бір бөлігі ауылдық медицинаны дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандық ауруханалар жаңартылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Жаңа нысандардың қатарында Қызылорда мен Өскемен қалаларындағы 300 төсектік көпбейінді ауруханалар, Атырау облысындағы емханалар, Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылындағы және Талдықорғандағы жаңа емханалар бар.

2026 жылы Қарағандыдағы онкологиялық диспансер, Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасы және Өскемендегі Гематология орталығы сияқты бірқатар медициналық нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Жаңғырту жұмыстары тек ғимарат салумен шектелмейді. Ауруханалар компьютерлік томограф, ангиографиялық кешен сияқты заманауи медициналық құралдармен жабдықталады. Бұл әсіресе инфаркт пен инсульт кезінде науқастарға жедел көмек көрсету мүмкіндігін арттырады.

Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін 32 аудандық аурухананы жаңғыртып, оларды заманауи көпбейінді медициналық орталықтарға айналдыру жоспарланып отыр.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Көкшетау, Қосшы және Алматы қалаларында ірі медициналық кешендердің құрылысы жүргізілуде. Ал 2029 жылға дейін елімізде тоғыз жаңа перинаталдық орталық салу көзделген.

Министрлік бұл жобалар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, әсіресе өңір тұрғындары үшін заманауи ем алу мүмкіндігін кеңейтетінін атап өтті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз