БҚО-да обырды ерте анықтаудан жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр

Батыс Қазақстан облысында қатерлі ісікті ерте және дәл диагностикалау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл ретте онкологиялық орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға, заманауи диагностикалық технологияларды енгізуге, патологиялық қызметті цифрландыруға мән берілген. Былтыр орталыққа 1,7 миллиард теңгеге 18 медициналық жабдық сатып алынды. Тың тәсілдің бірі телепатология жүйесі. Гистологиялық шыныларды цифрлық форматта сканерлеу арқылы енді күрделі диагностикалық жағдайларды елдің жетекші мамандарымен қашықтан талқылауға мүмкіндік пайда болған. Осы көктемнен бері оралдық дәрігерлер Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен 10 телеконсультация өткізді.

Сергей Думчев, облыстық онкодиспансердің бөлімше меңгерушісі:

- Жуырда сканерлеуші микроскоп алдық. Енді біз цифрлық түсірілімдерді жер шарының кез келген нүктесіне жолдап, білікті мамандардан кеңес аламыз. Бұрын шыныларды пошта арқылы жіберетін едік. Оған қыруар уақыт кететін. Жолшыбай жіберген материал жоғалып, не сынып қалатын. Цифрлық технологиялардың енгізілуімен ол қиындықтар артта қалды.