Нәрестелер аудиологиялық скринингтен өтеді

Елде нәрестелер мен балаларды аудиологиялық скринингтен өткізетін трекинг-орталық ашылды. 

Ол саңыраулықты ерте анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай электронды регистрі іске қосылды. Орталық Алматыдағы 5-ші клиникалық ауруханада орналасқан. Бұл бастама пилоттық кезеңде-ақ оң нәтиже көрсетіп үлгерді. Олай дейтініміз, жоба аясында есту қабілетінен толық айырылған 11 бала анықталып, оларға дыбысты қайта естуге мүмкіндік беретін арнайы құрылғы орнатылыпты. Мамандардың айтуынша, жоба толық іске қосылса, жыл сайын 90 мыңнан аса тексерістен өте алады. Мұндай мүмкіндік міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында беріледі.

Гүлзира Хамитова, №5 қалалық клиникалық ауруханасының сурдолог дәрігері:

- Есту қабілетінің бұзылуы туа біткен немесе кейін жүре пайда болуы мүмкін. Біз оны дер кезінде анықтап, ауыр салдардың алдын алуды көздейміз. Сол себепті жаңа жүйе іске қосылды. Алғашында пилоттық кезеңде үш перзентханамен жұмыс жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – бұл тәжірибені еліміздің барлық өңіріне енгізу.