Алматыда нәрестеден салмағы екі келі болатын ірі ісік алынды
Алматыда жаңа туған нәрестенің салмағымен бірдей – екі келі болатын ірі ісік сәтті алынды, деп хабарлайды «24KZ». Өз кезегінде мамандар бұл тәжірибедегі ең күрделі оталардың бірі болғанын атап өтті. Тамыздың 18-інде дүниеге келген қыз баланың сегізкөз-құймышақ тұсында салмағы төрт келі болатын сәбидің өзімен пара-пар келген үлкен ісік түзілісі болған.
Туа біткен мұндай қатерлі ақау нәресте туған кезде қатерсіз көрінгенімен, өмірінің алғашқы алты айында қатерлі ісікке айналуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл дертті созбалаңға салмай, шұғыл түрде ота жасау қажет болды. Бала туғаннан кейін бірнеше сағат ішінде неонаталдық реаниматологтар мен хирургтер перзентханаға барып, нәрестені Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді. Күрделі ота екі сағаттан астам уақытқа созылып, сәтті аяқталды.
Бұл туа біткен ауыр дерт жүктіліктің 20-аптасындағы скрининг кезінде анықталған еді. Ата-анасы жүктілікті сақтап қалу үшін дәрігерлердің бақылауымен қажетті шаралардың бәрін жасады. Нәтижесінде жүктіліктің 34-аптасында анасы кесарь тілігі арқылы босанды.
Бұл төрт ұлдан кейін көптен күткен қызымыз. Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құймышақ аймағынан осындай ісікті анықтады. Сол бойда Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына кеңес алуға келдік. Жалпы, жүктілігім жақсы өтті. 34-аптада ішім ауырып, перзентханаға бардым. Дәрігерлер бірден кесарь тілігін жасап, балам екеумізді осында жеткізді. Қызымды аман алып қалған осы аурухананың мамандарына алғысым шексіз. Бала туғаннан кейін оны да, денесіндегі ірі ісікті де көрдім. Қызымның еміне атсалысқан барша жанға рақмет, - дейді сәбидің анасы Аяжан.
Ота барысы мен нәтижесі туралы хирургтер арнайы пікір білдірді.
Сегізкөз-құймышақ аймағында орналасқан бұл ісіктің құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыстар секілді түрлі тін бар. Ісіктің салмағы екі келі болды, яғни нәрестенің өз салмағымен бірдей деуге болады. Қыздың туған кездегі салмағы төрт келі еді, демек, оның тең жартысын ісік құраған. Ота сәтті өтті. Ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластика жасадық. Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келтірілді. Болашақта бұл нәрестеге ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шыққалы жатыр, - деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Мұндай туа біткен түзілістер жаңа туған нәрестелерде кездесетін күрделі патологиялардың қатарына жатады. Олар ана құрсағында қалыптасып, сәбимен бірге өседі және ауыр асқынуға әкелуі мүмкін. Жыл басынан бері аталған орталықтың жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізіліп, оның 72-сіне хирургиялық ем қажет болған. Қазіргі таңда денсаулығы қалпына келген кішкентай пациент үйіне шығуға дайындалып жатыр.