Жамбыл облысында 1,1 млрд теңгеге екі жылжымалы медициналық кешен іске қосылды
Жамбыл облысында ауыл тұрғындарына медициналық диагностиканы жақындататын екі жылжымалы кешен іске қосылды. Арнайы көліктер шалғай елді мекендерге барып, тұрғындарды тексеруден өткізеді. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады, деп хабарлайды «24KZ».
Кешендердің біріне компьютерлік томограф орнатылған. Екіншісі цифрлық маммограф және сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық аппаратпен жабдықталған. Жаңа техника онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Екі кешеннің жалпы құны 1,1 млрд теңгеден асады. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңірдегі ауылдардың бір-бірінен шалғай орналасуы медициналық қызмет көрсетуге әсер етеді.
«Заманауи диагностика халыққа барынша жақын болуы қажет. Енді шалғай ауылдардың тұрғындары күрделі тексеруден өту үшін облыс орталығына арнайы келмей, қажетті медициналық қызметті тұрғылықты жерінен ала алады», – деді Ербол Қарашөкеев.
Жылжымалы кешендер ауыл тұрғындарына медициналық тексеруден өз елді мекенінде өтуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдар үшін маңызды.
Қазір «Қазақстан халқына» қоры Жамбыл облысында жалпы құны 13,1 млрд теңге болатын 21 жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның тоғызы денсаулық сақтау саласына арналған.
Қордың қолдауымен өңірде онкологиялық науқастарды емдеу, сирек кездесетін аурулары бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, балалар нейрохирургиясын дамыту және оңалту орталықтарын жабдықтау бағытында да жобалар іске асқан.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз.