Инфекционист Динагүл Баешева: Қазақстанға сапасы төмен вакциналар келмейді
Қоғамда жиі талқыланатын «Қазақстанға ең арзан әрі сапасы төмен вакциналар келеді» деген пікірлердің ешқандай негізі жоқ. Медицина ғылымдарының докторы, белгілі инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Маманның айтуынша, елімізде қолданылатын иммундау препараттарының сапасы мен қауіпсіздігі қатаң бақылауда.
Қазақстанға сапасы төмен вакциналар келмейді. Оның ешқандай дәлелі жоқ. Үндістанда өндіріліген қызылшаға қарсы екпені әлем бойынша миллиардтаған бала алды. 2024 жылы қызылшаның өршуіне байланысты 1,5 млн бала екпе алды. Соның ішінде ешбір асқыну немесе жанама әсері болған жоқ. Бұл дегеніміз екпенің сапасының жоғары екенін көрсетеді, – деді Динагүл Баешева.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан Республикасындағы профилактикалық екпелер үшін тек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) қатаң сертификаттауынан өткен, қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық деңгейде дәлелденген вакциналар ғана қолданылады.
Дәрігерлер мен сала мамандары қызылша сияқты аса жұқпалы инфекциялардың алдын алудың жалғыз әрі тиімді жолы тек уақытылы жасалатын вакцинация екенін еске салады. Мемлекет тарапынан ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жүргізілетін бұл шаралар балалардың денсаулығын қорғауға және қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуге бағытталған.