Түркістанда дәрігерлер тәжірибе алмасып жатыр
Түркістанда елордалық дәрігерлер балаларға күрделі операциялар жасап, жергілікті мамандармен тәжірибе алмасуда. Астанадағы №2 көпбейінді балалар ауруханасынан барған хирургтар Түркістандағы балалар ауруханасының базасында урология, травматология, балалар хирургиясы және оториноларингология салалары бойынша инновациялық әдіспен науқас балаларға операция қалай жасалатынын көрсетіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Астаналық хирургтар жергілікті дәрігерлерге шеберлік сыныбын операция бөлмелерінде өткізуде. Сырқаты бар балаларға күрделі операцияларды бірлесіп жасап, тәжірибелерімен бөлісіп жатыр. Науқастардың арасында тік ішегінің туа бітті ақауы бар бір жасар бала да бар. Кентаудан келген Гүлжанат Қайназарованың айтуынша, баласына бұған дейін екі рет операция жасалған. «Енді соңғысына келіп отырмыз», – дейді келіншек.
Гүлжанат Қайназарова, Кентау қаласының тұрғыны:
– Түркістан облысы бойынша жоқ. Сол үшін біз Астана, Алматы қалаларына бару керек болғанбыз. Алла Тағаланың көмегі шығар, осы кісілердің келетінін және мастер-класс өтетінін бізге хабарланды. Соның арқасында біз осы жерге шақырылып, тексеріліп, баланың операцияға жарайтыны ескеріліп, балам операцияға кіргелі жатыр. Астаналық дәрігерлердің арқасында барлығы жақсы өтеді деген сенімдеміз.
Астана қаласындағы №2 көпбейінді балалар ауруханасының тәжірибелі хирургтары мұнда екі күн бойы балалар хирургиясы, урология, травматология және ортопедия бағыттары бойынша 20-ға жуық операция жасайды. Сондай-ақ күрделі диагнозы бар балалардың ата-аналарына кеңес беріп, одан әрі қалай емдеуге болатыны жайында ұсыныстарын айтады.
Арман Абилев, Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының отоларингология бөлімшесінің меңгерушісі:
– Біз мұнда жергілікті жерде жасала бермейтін күрделі операцияларды жасаймыз. Мәселен, ет өсу, тыныс алудың қиындауы сияқты мұрын, ауыз, құлақ қуында түрлі мәселе туындауы мүмкін. Қазір бір операциядан шықтым. Енді тағы екі опарция бар. Мұнда барлық қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Енді мұндай операцияларды жергілікті дәрігерлердің өздері жасай беретін болады.
Астана қалалық №2 көпбейінді балалар ауруханасына соңғы 5 жылда алыс-жақын шетелден 73 білікті хирург-дәрігерлер келіп, тәжірибе алмасқан. «Сондықтан Түркістанға келген дәрігерлердің барлығы инновациялық әдістерді терең меңгерген, өз саласының білгірі», – дейді елордалық арухананың бас дәрігері.
Гүлнар Құлышева, Астана қаласындағы № 2 көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:
– Менің әріптестерімнің ұсынысы болды, енді үйренгенмізді өз балаларымызға жеткізейік, қолұшын берейік деген үлкен ниетпен осындай іс-шараны бастап кеттік. Бүгін бес бөлімнің басшыларын алып келдім. Олардың барлығы – операция жасайтын дәрігерлер. Екі ай бұрын шешім қабылданды. Қазір тізім бар. Қандай операция жасайтынын, не үшін келгенімізді барлығын біледі.
Мамандар мұндай тәжірибе алмасу еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі бірнеше маңызды мәселені шешетінін айтады. Біріншіден, ата-ана науқас баласын алысқа сүйремейді. Операция өз өңірінде жасалады. Екіншіден, хирургтар жергілікті дәрігерлерге күрделі операция жасауды үйретіп, біліктілігін көтереді. Үшіншіден, операцияға жаңа технологияларды енгізеді. Астаналық дәрігерлер осындай тәжірибені еліміздің басқа өңірлерінде де ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш