Қазақстандық Saqbol жүйесі ТМД байқауында үздік деп танылды
Қазақстандық мамандар әзірлеген халық денсаулығына төнетін қауіптерді цифрлық мониторингтеу жүйесі ТМД елдері арасында үздік деп танылды. Saqbol интерактивті картасы мен Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталықтың жұмысына арналған мақала халықаралық байқауда бірінші орын алды, деп хабарлайды «24KZ».
Жоба төтенше жағдайларды нақты уақыт режимінде бақылауға, олардың орналасқан жерін картадан белгілеуге және ықтимал қауіптерді кешенді бағалауға мүмкіндік береді. Жүйе эпидемиологиялық, климаттық, экологиялық және техногендік факторларды ескереді. Сондай-ақ жедел әрекет етуді қажет ететін оқиғаларды автоматты түрде анықтайды.
Saqbol платформасы Қазақстан үшін ерекше маңызды. Ел аумағының кеңдігі, өңірлердің табиғи-климаттық ерекшеліктері және қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарының болуы төтенше жағдайларды ерте анықтау қажеттігін арттырады. COVID-19 пандемиясы, климаттық өзгерістер мен су тасқындары да қауіп-қатердің алдын ала бағалануының маңызын көрсетті.
Жүйенің негізгі міндеті – ықтимал қауіптерді ауқымды дағдарысқа ұласпай тұрып анықтап, тиісті мамандардың жедел шешім қабылдауына жағдай жасау.
Сонымен қатар, «ТМД елдерінің денсаулық сақтау саласы – 2026» журналы ұйымдастырған байқауда Қазақстандық мамандардың бірлескен мақаласы бірінші орын алды. Мақала «ТМД елдерінің ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру» номинациясында үздік деп танылды. Онда қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталықты жаңғырту және цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесі баяндалған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз