Маймыл шешегі: Шекарадағы бақылау күшейтілді
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегі бойынша эпидемиологиялық жағдайды бақылауда екенін мәлімдеді. Ведомствоның ақпаратынша, елге инфекцияның әкелінуіне жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылданды, деп хабарлайды 24KZ.
Сонымен қатар әлем бойынша ауру жағдайларының тіркелуіне және халықаралық көлік қатынастарының белсенділігін ескере отырып, инфекцияның Қазақстан аумағына әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайтынын мәлімдеді. Дегенмен қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупі төмен екенін айтты жауапты ведомство. Сыртқы қауіптің сейілмегенін көрсететін мысалдардың бірі ретінде 17 қазанда көршілес Ресейдің Санкт-Петербург қаласында аталған қауіпті инфекцияның жаңа дерегі тіркелгенін атап өткен жөн.
Инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы қаулысына сәйкес санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Атап айтқанда:
мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді;
ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізілуде; барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған;
медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтауға және диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілуде;
аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.
Эпидемиологиялық жағдайға қатысты ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізбесі әлемдегі ахуалдың өзгеруіне қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады. Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ.
Маймыл шешегі - MPXV вирусы қоздыратын вирустық ауру. Инфекция негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы, сондай-ақ инфекция жұқтырған жануарлармен байланыста болған кезде жұғуы мүмкін. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпелері жатады.
Профилактика мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі мыналарды ұсынады:
теріде себебі белгісіз бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болу;жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау;
инфекцияға күдік тудыратын адамдардың жеке заттарын, киімдерін және төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау;
ауруға тән белгілер пайда болған жағдайда, әсіресе ауру жағдайлары тіркелген елдерге барғаннан кейін, уақтылы медициналық көмекке жүгіну және медицина қызметкеріне сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау.