СҚО: Қызылжар ауданындағы ауылда емхана салынды
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында жаңа емхана салынды.
Құны 5 миллиард теңге болатын екі қабатты медицина мекемесі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Қаржы Ұлттық қордан бөлінді. Қазір елдімекенде 40 мыңнан астам тұрғын бар. Халық саны өсіп келеді. Бұған дейін жұмыс істеген ескі емхана бір ауысымда небәрі 150 адамды қабылдайтын. Жаңа медицина мекемесі тәулігіне 250 адамға қызмет көрсетеді. 184 медицина қызметкері жұмыс істейді. Емхананы жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір республика бойынша 56 медицина нысаны салынып жатыр. Алдағы үш жылда тағы 70-тен астам жобаны жүзеге асыру көзделген.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Соңғы бес жылда елімізде 1200-ден астам медициналық нысан салынды. Оның 655-і ауылдық жерлерде бой көтерді. Бұл ауылдағы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ұлттық жобаның нәтижесі. Жоба өткен жылы толық аяқталды. Ал биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр.