Алматыда медицина қызметкерінің мәртебесі туралы заң жобасы талқыланды
Алматыда Құрылтай депутаттары «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі» туралы заң жобасын талқылады.
Дөңгелек үстел Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өтті. Жиынға Құрылтай депутаттары, жоғары оқу орындарының өкілдері, кәсіби қауымдастық мүшелері мен дәрігерлер қатысты. Жаңа заң жобасын әзірлеу бастамасын Құрылтай депутаты Дана Медеуова ұсынды. Ол бұған дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін заң жүзінде бекітіп, құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуді және лайықты еңбек жағдайын жасауды ұсынған еді. Құжатта артық есептілікті қысқартып, дәрігерлердің кәсіби шешімдерін қорғау мәселесі қарастырылды. Мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру медициналық көмектің сапасын жақсартып, науқастардың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Жаңа ауруханалар мен заманауи жабдықтардың пайдасы зор. Бірақ дәрігерлерге лайықты жағдай жасалса ғана бұл бастамалар өз нәтижесін береді, деп атап өтті Дана Медеуова. Іс-шарада жас дәрігерлер мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарының еңбек жағдайын жақсарту туралы да айтылды. Сондай-ақ кездесуде «Дәрігер дауысы» сауалнамасының нәтижесі таныстырылып, ақ халаттылардың пікірі талқыланды. Барлық ұсыныс ескеріліп, медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң жобасына енгізу қарастырылды.
Салтанат Мамырбекова, Ұлттық медицина қауымдастығының президенті:
- Біздің мақсатымыз дәрігерлердің құқықтарын қорғау және олардың жұмыс жағдайын жақсарту. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі туралы жеке заң әзірлеуді ұсынған Құрылтай депутаты Дана Медеуованы ерекше атап өткім келеді. Бұл дәрігерлердің құқықтарын қорғау жолындағы маңызды қадам. Біз дәрігерлердің ұсыныстары жаңа заңда ескерілгенін қалаймыз.
Әсел Бәденова, Құрылтай депутаты:
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында Денсаулық министрлігі туралы өте көп маңызды сұрақтарды көтерді. Нақты міндеттер қойды. Оның ішінде жаңа медициналық орталарды құру. Нақты айтсақ, келесі жылдан бастап біздің елімізде ауқымды құрылыс аясында 8 жаңа перинаталды орталық құрылады. Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа жылдан бастап бірінші көмек көрсететін дәрігерлердің жалақысы 30%ға дейін көтеріледі.