Тұмауға қарсы екпе: кімдер тегін вакцина ала алады?

Фото: ОКҚ

Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасының 2,2 млн дозасы сатып алынды. Бүгінге дейін 2 млн 65 мың адам екпе алған. Бұл жоспарланған көлемнің 93,9%-ын құрайды. Ал вакцинацияны кімдер тегін ала алады? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды «24KZ».

Вакцина құрамында ДДҰ ұсынымдары ескеріліп, тұмау вирусының үш нұсқасына қарсы компоненттер бар: A(H1N1), A(H3N2) және B. Вакцинациялау жұмыстары 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, мемлекеттік бюджет есебінен динамикалық бақылауда тұрған балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға және медицина қызметкерлеріне екпе салынады. Сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша ерікті негізде қауіп тобына жататын басқа да адамдарды, оның ішінде жүкті әйелдерді, әскери қызметшілерді, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдарды, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтарды вакцинациялау көзделген.

Тұмау жүріп жатыр, сақтық шараларын қолға алыңыз. Вакцинация тұмауды жұқтыру және оның асқыну қаупін төмендетеді. Екпе алмаған азаматтарды, әсіресе қауіп тобына жататын адамдарды 1 желтоқсанға дейін тұмауға қарсы вакцина алуға шақырамын, – деді Сархат Бейсенова.

Сондай-ақ оқыңыз: