Павлодарға «Бактицид» препараты жеткізілді

Павлодарға «Бактицид» препаратының алғашқы партиясы жеткізілді.

Биологиялық қоспа қансорғыш жәндіктерге қарсы қолданылады. Биыл өңірде шыбын-шіркейді жою алгоритмі өзгерген. Бұған дейін 70 мың гектар алқап өңдеуден өтсе, енді бұл жұмыстар 127 мың гектар жерде жүргізіледі. Дезинсекциялық шаралар шалғай жатқан елді мекендерді де қамтиды. Ертіс өзені мен оның жеті арнасын үш қайтара зарарсыздандыру көзделіп отыр. Бұл іске сегіз әуе борты жұмылдырылады. Олардың төртеуі ауданда, төртеуі облыс аумағында орналасады. Қазір дезинсексиялық маусымға дайындық қызған. Облыс осы мақсатқа алдағы үш жылда сегіз миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсайды. 

Әйгерім Қабылтаева,  облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы қосымша төрт аудан облыстық мердігермен өңделетін болғандықтан оларда да 59 елдімекендер біздің облыстық мердігердің күшімен жұмыстар жүргізілетін болады. Осы сәуір айынан бастап біздің ғылыми топ фенологиялық жұмыстарға кірісетін болады. Олардың ұсыныстары бойынша мамыр айының басында жұмыстар басталады. Биылғы маусымға 157 тонна биологиялық препарат көзделіп отыр. Оның бүгін алғашқы партиясы, 60 тонна мөлшерінде келіп отыр.

Қанат Ахметов, биология ғылымдарының докторы, профессор:

- Бұл жұмыстарды міндетті түрде қадағалау керек. Әйтпесе оның нәтижесі болмайды. Масаның өніп шығатын жерлері көп болады. Яғни ауқымдары көп болады. Осыған байланысты әрбір алқапты тану керек, содан соң дернәсілдерін анықтау керек. Бұл енді ғылыми топтың жұмысы. Осы ғылыми топтың жұмысына байланысты істелген жұмыстардың нәтижесі де соған байланысты болады көбінесе.