Дәрігер тапшы өңірлер анықталды
Елімізде 4 мыңға жуық дәрігер тапшы, деп хабарлайды 24KZ.
Маман жетіспеушілігі әсіресе Алматы қаласы, Қарағанды, Жетісу, Атырау және Ақмола облысында байқалады. Бүгін Қазақ ұлттық медициналық университетінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған әр облыстың денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысып, 2 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынды. Мамандардың айтуынша, түлектердің көбі жеке медициналық мекемелерде және ірі қалалардағы ауруханаларда қызмет еткісі келеді. Ал өңірлерге барғысы келетін жастарға әлеуметтік жеңілдіктер мен көтерме ақы қарастырылған. Аймақтағы тапшылықты арнайы грант есебінен шешу де қолға алынды.
Қайсар Әбдіәлиев, Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бізге реаниматолог, анестезиолог, акушер-гинеколог және онколог мамандары жетіспейді. Сонымен қатар біз қазір облыс әкімінің грантын да бөліп жатырмыз жыл сайын. Сол бөлу арқылы біз мамандарды дайындап жатырмыз. Барлық республиканың медициналық университеттерінде облыс әкімінің грантымен оқуға қазір мүмкіндік пайда болды.
Марат Шоранов, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры:
- Бүгін еліміздің барлық өңірінен келген денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жас мамандарға арналған жеңілдіктерді түсіндірді. Мысалы, жас мамандарға бірреттік әлеуметтік төлем төленеді. Оның көлемі 5 миллионнан бастап 10 миллионға дейін барады. Одан бөлек, үстеме жалақы беріледі. Орташа есеппен 600 мың теңге.