Балалар ауруханасының психологы дәрігер жұмысын жеңілдетуді ойлап тапты
Қарағандыдағы облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейтін психолог маман дәрігерлердің жұмысын жеңілдетудің ерекше тәсілін ойлап тапты.
Ол түрлі анимациялық және ертегі кейіпкерлерінің костюмдерін киіп, жылаған бүлдіршінді әп-сәтте баурап алады. Анна Тенцердің бұл әдістемесінің арқасында ауруханада сырқаттанып жатқан баласына алаңдаулы ата-ананың да көңілі тез жайланады екен.
Анна Тенцер 7 жылдан бері облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейді. Психолог маманның киім ілгіші түрлі анимациялық және ертегі кейіпкерлері костюміне толы.
Анна Тенцер, психолог:
- Ойын әдістемесін ұзақ уақыт ойластырып жасадым. Ата-анасынан және жақындарынан алыстап ауруханаға түскен бала бастапқыда жатырқайтыны сөзсіз. Бір ине салған соң дәрігерлерден тіпті қорқады. Осы сәтте олардың сүйікті кейіпкері кейіпінде келсем, маған сенім білдіреді. Соның арқасында дәрігерлерге баламен байланыс орнату, жұмыс істеу жеңіл болады.
Мультфильм көріп, гаджет құлағында ойнайтын қазіргі ұл-қызды анимациялық костюмдер қызықтырмай қоймайды. Ойын терапиясы түрінде өтетін сабақтан бүлдіршіндер зияткерлік жағынан да көп дүние үйренеді. Ерекше дәрістің әдістемесін Анна өзі ойлап тапқан. Оған ата-аналар да дән риза.
Айгүл Мұқанова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Жақсы міне балаларға келіп, ойнатып, теледидар жоқ болса да көңілдерін көтереді. Жаңа келгенде қуанып қалды немерем. Жүгіріп кетті қуанып. Ұмытып кетті ауырған жерлерін сол.
Психологиялық сауықтырудың бұл әдістемесін медициналық мекемелерде кеңінен пайдалануға болады. Пилоттық жоба нәтижесінен осыны ұқтым,-дейді маман.
Анна Тенцер, психолог:
- Болашақта әр бөлімшеге үлкен теледидар қойылса деймін. Балалар бірлесіп мультфильм көре алады. Оны өзара талқылайды. Топтық ойындар ойнатамын. Ол да бір терапия. Қысқасы бәрінің басын қосып, өзара араласуына, ашылуына жағдай жасаймыз. Шынайы қарыс-қатынас қашан да қажет. Баланың бетін қақпай, арқасынан қағып,демеу көрсету маңызды.
Аннаның мамандығы педагог әрі психолог. Біраз жыл аниматор болып та жұмыс істеген. Сондықтан қандай ертегі кейіпкерінің костюмі оңтайлы екенін жақсы біледі. Қолы бос кездері балалар мен қарттар үйіне барып, қамкөңіл жандардың жүрегіне жылулық сыйлайды екен.
Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпықар