Шымкентте қарасан індетінің бұрынғы ошақтары санитарлық қорғауға алынбаған
Шымкентте қарасан індетінің бұрынғы ошақтары санитарлық қорғауға алынбағаны белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері сыртқы талдау жұмыстарын жүргізіп, вирус көмілген жердің қауіпсіз екеніне күмән келтірген. Алайда ветеринарлық мамандар жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ,- дейді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Биіктігі 1,5 метр болатын бетондалған мына қоршау ішіне қауіпті ауру жұқтарған ірі қаралардың өлексесі көмілген. Қарасан вирусының ошағы да дәл осы аумақта. Сыртындағы жазба әрең көрінгенімен 1968 жылы тұрғызылғанын аңғаруға болады.
Індет ошағына Көкбұлақ тұрғын алабы тым жақын орналасқан. 50 жылда халық саны өсіп, жаңа учаскелер де көбейді. Сондықтан жергілікті тұрғындар бұл маңда егін егіп, жиын-терімнен соң мал жаюға үйреніп қалған. Және «аурудан келер қауіп жоқ» екеніне де сенімді.
Шохан Жұрманов, қала тұрғыны:
- Жылдан жылға ауылымызда үйге үй қосылып жатыр. Жанымызға жан қосылып жатыр. Ауылымыз өсіп келе жатыр. Өте қауіпті болса бұл жерге жақындатпайтын шығар. Мемлекетіміз де қарап қалмас.
Өкінішке орай, қала аумағында тіркелген 8 бірдей індет ошағына қатысты қауіпсіздік талаптары бұзылғаны анықталды. 1 шақырым болатын радиуста егіс алқабынан бөлек қоражайлар мен өндіріс орындары тұрғызылғаны белгілі болды. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері санитарлық қорғау аумағы қатаң сақталу керектігін мәлімдеді.
Қанат Сүлейменов, қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Талдау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардан халық үшін жағымсыз салдарға жол бермеу бойынша ұйымдастырушылық - басқарушылық шешімдер кешенін қабылдау ұсынылды.
Биыл көктем мен күз айларында індет ошақтарындағы топырақтан 23 рет зертханалық сынама алынған. Ветеринарлық мамандар оның қорытындысы теріс нәтиже көрсетіп, қауіп белгілері байқалмағанын айтады. Ал санитарлық қорғау аумағын сақтауға бұрын салынған нысандар кедергі болып тұр, дейді.
Ерлан Әденов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- 1 км радиус шеңберінде ешқандай ол жерге тұрғын үйлер, қора-жайлар болмауы керек. Оған дейінгі болған нысандарды біз көшіре алмаймыз ғой. Ең бастысы, өзіміздің ошақ шыққан аумақта санитарлық талапқа сай қоршап қойдық.
Жергілікті бюджеттен ауру ошақтарына зертханалық талдау жасау үшін 1 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Сонымен қатар бұл ақша қоршауды күтіп ұстау мен тұрғындарды ақпараттық-түсіндіруге жұмсалады. Ал антикордың нұсқауын орындау үшін бірлескен жиын өткізіп, мәселенің мән-жайын талқылау жоспарланды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов