МӘМС: екі мыңға жуық медицина ұйымына 2,1 триллион теңге төленді
Биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2 мыңға жуық медициналық ұйымға шамамен 2,1 трлн теңге төледі.
Бұл биылғы медициналық көмекті қаржыландыру көлемінің 79 пайызына тең. Аталған сомаға ел бойынша амбулаторияларды дәрімен қамтамасыз ету де кіреді. Жалпы республика бойынша медициналық сақтандыру жүйесіне 16 млн 500 мыңнан астам азамат тіркелген. Оларға 124 млн 500 мыңға жуық қызмет түрі көрсетілді. Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу диагностикаларына сұраныс артқан. Сол секілді осы жүйе арқылы скринингтен өту бағдарламасының енгізілуі де жаман аурулардың алдын алуға көмектесіп жатыр.
Жанар Балхожаева, «Шипагер» денсаулық сақтау ұйымының дәрігері:
- Скрининг бағдарламасы 2020 жылдары басталған кезде көп адамдар түсінбейтін. Қабылдауда отыратын дәрігерлер, учаскелік медсестралар шақырған кезде көп адам келмейтін. Қазіргі үлкен проблемаларды біз шештік деп ойлаймын. Өйткені срининг арқылы біз көптеген онкологиялық аурулардың алдын алып жатырмыз. Көп емханаларда науқастар біледі, өздері іздеп келеді, менде скрининг бар ма, қашан шақырасыздар, неге жоқ деген сұрақтар.
Жаннұр Сұлтанғазина, Астана қаласының тұрғыны:
- Барлық Қазақстан азаматтары секілді айына төлем жасап отырамын. Және де сол арқылы жүктілік кезінде ең бірінші рет бүкіл осмс-тің қызметін қолдандым. Барлық мед тадаулар, балаға қатысты бүкіл ем-шаралардың барлығын осмс арқылы алдым. Өзім жақында 30-ға толғандықтан терапевт дәрігерлің шақыртуымен скринингтен өттім.