Алматылық кардиохирургтер халықаралық шеберлік сабағына қатысты

Алматылық кардиохирург дәрігерлер «Шекарасыз медицина» жобасы аясында халықаралық шеберлік сабағына қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Швециядағы Каролина университетінің профессоры Наузад Салех қазақ әріптестерімен тәжірибесімен бөлісті. Білікті маман қолқа қақпақшасын имплантациялау бойынша 20 жылдан астам уақыт бойы операциялар жүргізіп келеді. Шағын инвазивті операция әдісі TAVI деп аталады. Бұл әдіс жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарды емдеуде өте тиімді. Әсіресе, ашық хирургиялық операциялар жасауға болмайтын науқастар үшін аса маңызды. Шеберлік сабағы аясында бес операция жасалды. «Ерекше әдіс науқастың өмірін сақтап қана қоймай, адамның өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады», - дейді дәрігерлер.

Роза Қуанышбекова, қалалық кардиологиялық орталықтың директоры:

- Бұл операция ұзақ уақыт бойы ауырып, жиі ауруханаға жататын, бірақ емдеу нәтижесі әрдайым сәтті бола бермейтін науқастар үшін жасалады. Сондықтан бүгінгі таңда бұл көмек түрі, әсіресе, 70 жастан асқан қарт пациенттерімізге, қауіпсіз емдеу әдісін жүргізуге мүмкіндік береді.

Наузад Салех, кардиохирург (Швеция):

- Бұл ауруды уақтылы анықтап, операция жасау қажет. Егер жасалмаса, соңы қиын болады. Сіздерде білікті мамандар бар, әрқайсысы өз ісін жақсы біледі. Сондықтан мұндай операциялар болашақта көптеген адамның өмірін  құтқаруға мүмкіндік береді.