Павлодар облысының Шұға ауылында көптен күткен медициналық пункт ашылды
Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының Шұға ауылында жаңа медпункт ел игілігіне берілді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл нысан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғарту» Ұлттық жобасы аясында салынған. Павлодар облысы бойынша жалпы саны 30 медициналық мекеменің құрылысы жүріп жатыр.
Бір ғасырлық тарихы бар Шұға ауылында алғаш рет медпункт пайда болды. Медбике Еркеш Өмірованың еңбек өтілі қырық жылға жуықтайды. Енді ол науқастарды енді су жаңа ғимаратта қабылдайтын болды.
Еркеш Өмірова, медбике:
- Осы Шұға ауылында медпункт деген ғимарат болмаған. Мынау бірінші рет ашылып тұр.Үкіметке көптен көп рахмет
Шұға ауылында 150 адам тұрады. Шағын елді мекенде елеулі өзгеріс көп. Биыл орталық су жүйесі іске қосылды. Жаңа әлеуметтік нысандар бой көтерді.
Қабден Сәдуов, Шұға ауылының тұрғыны:
- Ауылымызда спорттық кешен салынды биылғы жылы. Міне, Шұға ауылында медициналық ем-дом қолданатын пункт ашылып жатыр. Соған еліміз, халқымыз қуанышты, қойнымызға сыймай жатыр.
Мәдина Сабырова, аудандық аурухананың бас дәрігері:
- Бүкіл жаңа құрал жабдықтар бар мында. ЭКГ аппараты, инфузомат дейміз, система қоятын аппараттар бар және де спирограф бар. Ол өкпе аурулары диагностикасына қажетті аппарат.
Биыл Ақтоғай ауданында екі медициналық мекеме қолданысқа беріледі. Бір жылда аудандық аурухана бес маманмен толықты.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев