Жақсы ауданында дамуы тежелген сәбилерге арналған оңалту орталығы ашылды
Ақмола облысындағы Жақсы ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Мұнда дамуы тежелген сәбилерге түрлі медициналық көмек көрсетіледі. Емдеу мекемесі қазан айының соңында жұмысын бастаған еді. Осы уақыттың ішінде 20-ға жуық бала түрлі ем алып үлгерді.
Заманауи үлгідегі технологиямен жабдықталған орталықта жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балалар үшін барлық жағдай жасалған. Яғни тұз шахтасы, эрготерапия, сенсорлық және емдік дене шынықтыру сияқты арнайы бөлмелер ашылған. Оңалту орталығы көршілес 7 аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Қазір мұнда 17 бала ем алып жатыр.
Айнаш Құдайбергенова, Петровка ауылының тұрғыны:
- Көкшетау маған алыс. Мына бала жүре алмайды. Жарамайды жолға. Ал мына жаққа тез келдік. Тез қабылдады. Кеше түстік, бүгін диагнозын қойды. Реакция бар. Ойнамайтын бала, міне, ойнап бастап жатыр.
Эльмира Нұралина, жақсы аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Емдеу курсы 21 күнге созылады. Осы уақыт аралығында әр баламен логопед, дефектолог, психолог мамандар жеке жұмыс жасайды. Ал көрші аудандардың науқас балалары біздің оңалту орталығына портал арқылы кезекке тұрып, тегін ем қабылдай алады.
Бұдан бөлек, Жақсы ауданында биыл үш ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеуден өтті. Оның бірі жеке инвестиясы есебінен жүргізілсе, екеуі мемлекет қаржысы арқылы жаңаша қалыпқа енді. Мәселен, Новокиенка ауылындағы медициналық жаңартуға облыстық қазынадан 67 млн теңге бөлінді.
Құрмангүл Бектемірова, Новокиенка ауылының тұрғыны:
- Өмір бойы ФАП суық болатын. Адамдар тоңатын. Балалар да тоңатын. Киіммен отыратын. Система алғанда көрпе жамылып жататынбыз. Енді мынадай жаңадан «нетіп» жатқанымызға өте қуаныштымыз. Жақсы дәрігерлер. Кез келген уақытта шақырсақ келеді. Тексереді.
Жалпы өңірді биыл 38 амбулаториялық емхана салынып жатыр. Медицианалық нысандардың құрылысына қазынадан 10 млрд теңге бөлінді. Әсіресе халық көп шоғырланған шалғай елдімекендерге ерекше екпін берілген.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка.