Ақтаулық дәрігерлер Әзербайжан мен ресейлік әріптестерінің алғысына бөленді

Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде зардап шеккен Ресей мен Әзербайжан азаматтары түгелдей елдеріне қайтарылды.

Қазір Маңғыстау ауруханасында алты адам жатыр. Жалпы оқиға орнынан дереу ауруханаға жеткізілгендерге қажетті ем-домның барлығы жасалды. Сондықтан жедел көмек көрсетіп, шұғыл емдеуге кіріскендердің де еңбегі еленбей қалмады. Ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова апатты құтқару медициналық орталығының мамандары мен облыстық аурухана дәрігерлеріне Әзербайжан мен ресейлік әріптестерінің атынан алғыстарын жеткізді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Ресей Федерациясы денсаулық сақтау министрі апаттан зардап шеккендерге жедел көмек көрсеткен қазақстандық дәрігерлердің кәсібилігіне жоғары баға беріп, алғыс айтқанын жеткізгім келеді. Әзербайжан министрі де біздің медицина қызметкерлеріне, Маңғыстау облысының қызметкерлеріне шапшаң қимылдап, өз ісін жоғары деңгейде атқарғаны үшін халқының атынан шексіз ризашылығын білдіріп жатыр.