Қазақстанда медициналық туризм қарқын алып келеді
Соңғы 1 жылда елге 2 мыңға жуық шетелдік емделуге келген.
Дертіне шипа іздегендердің дені көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары. Білікті дәрігерлер мен сапалы қызмет әрі қолжетімді баға салада сұранысты арттырып отыр.
Шетелдіктер шипа іздеп келетін көмектің таңдаулысы хирургияда. Оның ішінде жүрек операциялары мен стоматологиялық қызметке жүгінушілер қатары көп. Аты жаман ауру мен буындарды протездеуді таңдайтындар соңғы жылдары жиілепті. Министрлік өткен жылдың өзінде 2000 жуық шетел азаматы елге кеп ем алғанын мәлімеді.
Нұрзат Сығай, Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігер-нейрохирургы:
-Негізі мысалдар өте көп. мәселен, жақында ғана бізге Қырғызстаннан келген азамат. Бізге дейін ол Ресейдің түрлі қалаларында ем алған, Өзбекстанға барған. Бірақ, еш жерде толыққанды ем алмаған. Соңғы сәтте бізге қаралды. біз ем жүргіздік. Және ол науқастар бізбен байланыста әрдайым.
Өзгелер таңдауына түскен Қазақстан медицинасының мүмкіндіктерін тізбелесек.
(графикаға)
Сапалы медициналық көмек
Емдеудің заманауи технологиялары мен әдістері
Дамыған аурухана инфрақұрылымы
Жоғары білікті дәрігерлер
Қолжетімді медициналық қызмет құны
Дертіне шипа іздегендердің дені Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мен Өзбекстан азаматтары. Құрлық асып келетіндер де жоқ емес дейді мамандар. Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылған соңғы 3 жылда 500 адам көмекке жүгініпті. Өткен жылдың өзінде 40 науқас қатарға қосылған. Бірі Рухзора Аджоибшоева. 82 жасты алқымдаған қарт ана сонау Душанбеден Қазақстанға арнайы келіпті. Бүгінде бүйрегіне операция жасалып, жағдайы жақсарды.
Рухзора Аджоибшоева, Тәжікстан азаматы:
-Бүйрегіме ота жасату үшін Қазақстанға арнайы келіп едім. Күрделі операция болғандықтан жан-жақты іздендік. Қазақстанда жасайтынын ғаламтор арқылы тауып білдім. Онкоурологқа алғысым шексіз. Білікті дәрігер екен. Операция сәтті өтіп, қазір қатарға қосылып отырмын.
Отандық медицинаның отыз жылдағы басты олжасы осы көшбасшы елдер қатарына ену. Қазақстан алыс-жақын шетелдіктер үшін бүгінде қалаулы ел қатарында. Бас ауырып, балтыр сыздаған науқас бізге дертіне шипа іздеп келеді. Олардың қатары жыл санап артып отыр. Дәрігерлердің жоғары біліктілігі де сұраныстың көбеюіне себеп.
Кәмшат Мұхамеджан, Ғалымжан Әбділахат