Атырау дәрігерлері жүкті әйелдің өмірін сақтап қалды
Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері жүкті әйелге күрделі ота жасады.
Жүктіліктің 38 аптасында пациентке «Жатырдағы екі тыртық. Плацентаның босану жолында орналасып жатырдағы тыртыққа енуі» диагнозы қойылды. Яғни, Placenta percreta өсу түрі.
Пациентіміз жоспарлы түрде орталыққа жатқызылып, ота арқылы босандырылды. Анестезия әдісі: жұлынға кешенді эпидуральды анестезияны енгізу. Яғни, науқас операция кезінде ояу, толық есін біледі.
Пациентке автогемотрансфузия аппараты мен «лапаротомиялық ультрадыбыстық скальпель» құрылғысы арқылы жасалған операция сәтті өтіп, әйелдің репродуктивтік органдары (метропластика) сақталды.
Орталық дәрігерлері бұл жолы ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін кешенді ем қолданып, жаңаша әдіс таңдап алды. «Себебі жатырға плацентаның жабыса бітуі және бұрынғы отадан қалған тыртық салдарынан кәдімгі кесарь тілігін жасау қауіпті еді. Көп жағдайда операция кезінде қан кетіп, әйелдің жатырын алып тастауға тура келетін», – дейді мамандар.
Мұндай ота перинаталдық орталық тарихында 2023 жылдан бастап жасалады. Осы жолы алғаш рет аутогемотрансфузия аппараты колданды. Яғни ота үстінде кеткен қан қайта пациенттің өзіне құйылды, осының арқасында донорлық эритрацитарлық масса мүлдем құйылған жоқ.
Екінші қуанарлық жағдай, ультрадыбыстық скальпель инструментін қолдану арқылы плацентаның тыртыққа енген бөлігіне коагуляция жасалып, кесіп алынып тасталды. Бұл әдісті қолдану арқылы қан кету көлемін азайтамыз.
Аутогемотрансфузия аппараты мен ультрадыбыстық скальпель орталығымызға- жақында алынған заманауи жабдықтар.
«Жаңадан алынған аппараттардың көмегімен ота сәтті өтті. Әйелдің жатырын сақтап қалдық. Қазір баланың да, ананың да жағдайы жақсы. Олар тәулік бойы мамандардың бақылауына алынды», – дейді бас дәрігердің орынбасары Меруерт Айдарханова.
Ота заманауи құрылғылар мен жоғары технологияларды қажет ететіндіктен, оның жалпы құны шамамен 1 миллион теңге тұрады. Алайда, бұл ота (МӘМС) жүйесі арқылы науқасқа тегін жасалды. Бұл – МӘМС жүйесінің халық үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін айқын мысал.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі