Балқаштағы жедел жәрдем станциясына жаңа ғимарат берілді
Медициналық мекеменің ұжымы 20 жыл бойы ескі шаруашылық бөлімінде жұмыс істеп келген.
Мұнда тәулік бойғы толассыз жұмыс барысында фельдшерлерге демалатын дұрыс орын да болған жоқ. Ал жаңа ғимаратта барлық жағдай қарастырылған.
Балқаш қаласының жедел жәрдем ұжымы осы заманауи ғимаратқа көшті. Мұнда барлық жағдай қарастырылған. Кабинеттер мен демалыс бөлмелері кең. Фельдшерлер 20 жыл бойы ескі шаруашылық нысанында жұмыс істеп келді. Онда қазіргідей еңбек жағдайы жасалмады, деп алады станцияның меңгерушісі Виктор Ли.
Виктор Ли, Балқаш қаласы жедел жәрдем станциясының меңгерушісі:
- Қазіргі жұмыс жағдайымыз жақсы. Жаңа ғимарат ескісінен екі есе үлкен. Фельдшерлерге бөлек бөлмелер қарастырылған. Көлік жүргізішулері де бөлек отырады. Тәулік бойы жұмыс істейтін қызметкерлеріміз үшін осының бәрі болғаны дұрыс әрине.
Жедел жәрдем станциясының автопаркі де жаңарды. Әр көлік бейнебақылау және GPS жүйесімен жабдықталған. Диспетчер әр реанимобильдің қай жерде келе жатқанын байқалып отырады.
Мәулен Мұхамбетов, фельдшер:
- Камераның өте қатты көмегі бар. Енді неше түрлі вызовтар болады ғой. Ішіп алған кісілер, машинаның ішінде неше түрлі жағдай болады ғой, жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Соның барлығында біз өзімізді қорғап аламыз.
Балқаштағы 80 мың тұрғынға 6 бригада қызмет көрсетеді. Екеуі қалалық ауруханаға бекітілген. Жедел жәрдем станциясына тәулігіне 100-ге жуық қоңырау түседі. Ал жылына 25 мың адамға көмек беріледі.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков