М. Әшімбаев ірі кәсіпкерлердің экологиялық жауапкершілігіне күмән келтірді
Сенат төрағасы ірі кәсіпкерлердің экологиялық жауапкершілігіне күмән келтірді. Қазір олар ESG қағидаларын толықтай пайдаланбай отыр.
Бұл туралы орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысында айтылды. Аталған ережелерді елемеу кәсіпорындарға ғана емес, тұтас елдің де экономикасына, беделіне және қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіреді. Әрі өнеркәсіп орындарының экологияға теріс әсерін азайтуға арналған заң нормалары өз деңгейінде жүзеге асып жатқан жоқ, – деді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Ірі компаниялар бұл қағидаларды Еуропа елдерімен және сол жақтағы серіктестермен байланыс орнату үшін енгізіп жатыр. Одан бөлек, көміртегі салығы және басқа да мәселелері бар. Қазір бізде ESG күн тәртібін үйлестіру әлі орталықтандырылған жоқ. Негізі бұл ережелер жиынтығы ғана емес. Бизнес, халық және мемлекет мүдделері арасындағы тепе-теңдікті табу идеологиясы. Бизнес қоршаған ортаны ластап, экологиялық стандарттарды бұзып, одан әрі дами алмайды. Оған ешкім жол бермейді.