Шымкентте отандық полипропилен өнімін пайдаланатын өндіріс орыны іске қосылады
Шымкентте КРІ газ-химия кешенінің полипропилен өнімін пайдаланатын тағы бір өндіріс орыны іске қосылмақ.
Қазір кәсіпорынның құрылыс монтаж жұмыстары аяқталып, қондырғылар тәжірибелік сынақтан өткізіліп жатыр. Сала мамандары, Атыраудағы КРІ зауытының өнімдері өңдеу өнеркәсібіне серпін беріп, шағын және орта кәсіптің дамуына мүмкіндік сыйлағанын айтады.
Арнайы экономикалық аймақта салынған кәсіпорын келесі жылы іске қосылады. Мұнда Атырауда орналасқан KPI зауытының шикізаты пайдаланылып, күрделі спанбонд, медициналық бұйымдар және құрылысқа қажетті материалдар шығарылады. Жобалық қуаттылыққа сәйкес өндіруші мен өңдеуші арасында жылына 5 мың тонна полипропилен жеткізу туралы келісім шарт жасалды.
Талғат Егембердиев, өндіріс басшысы:
- Шикізаттың сапасын тексергенбіз арнайы лабораторияда. Бізге лайықты шикізат екенін көрдік. Қазақстанда өндірілгендіктен бағасы да тиімді болатыны есептелгеннен кейін осындай жобаны бастадық.
Елдегі тұңғыш газ-химия кешенінің шикізаты отандық өндірушілердің өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берді. KPI-да полипропиленнің маркалық тоғыз түрі шығарылып, ішкі нарыққа тиімді бағада ұсынылған. Нәтижесінде импорттық тәуелділік 63%-тен - 17%-ке дейін азайды.
Әсия Телеуісова, КРІ компаниясының бас маманы:
- Полипропиленнің көптеген өңдеушілері кәсіпорын қуатын арттырып, тауар түрін көбейтті. Нәтижесінде импорттық өнімдер азайып, өңдеу өнеркәсібі алға жылжыды.
Өнімнің сапасын швейцариялық компания сертификаттайды. Соның арқасында KPI-дың полипропилен өнімдері елімізден бөлек, Еуропа мен ТМД аумағына және Түркия, Қытай елдеріне экспортталады.
Алексей Бунин, "Marvik Partners" ЖШС бас директоры:
- Полипропиленді Ресейдегі зауытта пайдаланып келеміз. Шикізаттың арқасында көптеген тауар өндіріп, нарыққа шығардық.
КРІ кешенінің полипропиленін отандық 80-ге жуық компания тұтынады. Оларды үздіксіз шикізатпен қамту үшін Алматыда арнайы қойма ашылған. Жақын күндері орталық пен солтүстік өңірлердегі кәсіпорындардың логистикалық мәселесін жеңілдету үшін Астана қаласында да полипропилен сақтау қоймасы пайда болады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов