ШҚО жастары «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Шығыс Қазақстан облысының медициналық мекемелері мен кәсіпорындарында қызмет атқаратын жастар қатысты, деп хабарлайды 24KZ. Олар жаңа шағынаудандағы саябақтың қарын күреп, жергілікті коммуналдық қызметтің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті.

Мамандардың айтуынша, жастар жасағы уақытылы көмекке келді, өйткені қардың қалың түсуі жағдайды күрделендіріп, жұмысшылар екі ауысымда еңбек етуге мәжбүр болған. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған бір жылға жуық уақытта облыс аумағында 80 мың аула абаттандырылып, 370 шақырым арық жүйесі қалпына келтірілді. Апатты қоқыс алаңдары жойылып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға біршама әрекет жасалды.

Бекзат Мұқадиева, дәрігер-онколог:

- Біз бүгін жастармен бірге Шығыс Қазақстан көпсалалы, онкология және хирургия орталығынан келіп отырмыз. Біздің ұйымда бірінші рет «AMANAT» партиясының «Жастар қанаты», «Жастар Рухы» біріншілік партия ұйымы ұйымдастырылды және біз бүгін белсенді жастармен дәрігерлермен, онкологтармен бірге осы «Таза бейсенбі» бағдарламасына қатысып, «Нұрлы жол» паркінде қардан тазалау жұмысын жүргізіп жатырмыз.

Амантай Нұркенов, «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының орынбасары:

- Осы шара аяқталғаннан кейін тағы да Меновное ауылына барамыз, сонда бір 75 жастағы, егде жастағы қарияның үйін тазартамыз қардан. Өйткені былтыр су тасқыны болғанда, қар еріген кезде сол үйде апатты жағдай орын алған болатын. Бүгін сол үйдің айналасын тазалап, техникамен қарды басқа жерге шығарып тастаймыз. Осы жігіттер, осы қыздар сол жаққа барып, жұмысты жалғастырады.