«Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінде бес нысан салынады

Қазақстанның курорттық өңірлерінде 3 млн 400 мың адам демалған.

Туризм және спорт министрлігінің мәліментінше, қонақ үйлер мен меймандарды орналастырған демалыс орындары 129 млрд теңгеге жуық табыс тапты. Бұл былтырғы 9 айдағы көрсеткіш. Отандық туризмді дамыту мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

Балқаш, Алакөл, Шучье-Бурабай, және Маңғыстау курорттық аймақтарына келер турист қатары қалың. Елдегі үздік бестікке енген өңірлер осы. Тағы бір тартымды демалыс орыны Алматы тау кластері екені даусыз. Былтыр мұнда 2 млн-ға жуық мейман демалған. Дегенмен, өзге өңірдерде де туризмнің дамуына ден қойылып жатыр. Мәселен, Жетісу облысы. Мұнда былтыр 253 мың адам саяхаттап келген. Көбі Алтын-Емел ұлттық табиғи паркін тамашалауға ынта білдірді. Биыл мұнда қосымша бес нысан салынбақ. Cөйтіп, мемлекеттік инспекторларға арналған баспана саны 34-ке жетеді. Жаңа нысандар жабайы жануарлар мен аң-құсты қорғауды күшейту үшін қажет. 

Қуат Байтұрбаев, «Алтын-Емел» МҰТП директоры:

- Жеті мәшинемен біздің балалар патрульге шығып отырады. Оның сыртында 14 мотоцикл инспекторларға берілген. Үш квадроциклымыз бар. Сондай-сондай техникалармен балалар қазір жұмыс істеп жатыр. Нәтижелері жақсы болып жатыр. Қазір міне аңның саны бізде көбейіп жатыр. Қарақұйрығымыз алты мың бастан асып тұр.   

Табиғат аясындағы демалыстан бөлек Қазақстанда халықаралық конференция, көрме, жиындарды қамтитын іскерлік туризмнің де әлеуеті зор. Биыл он шақты іс-шара ұйымдастыру көзделген.

Қазақстанда 10-нан астам іскерлік туризм шарасы өтеді

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» Басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз оннан астам шараның Қазақстанда өтуін жоспарлап қойдық. Ал осы уақытқа дейін өткен іс-шараның саны 16-ға жетті. Жалпы әлемдік нарықта бұл іс-шаралардың саны 15-16 мыңға жетеді, яғни көшпелі шаралар. Соның пайыздық мөлшеріндегісін алсақ әрине біздің үлесіміз өте аз. Және соны алдағы жылдарда ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Сегіз шетелдікке Neo Nomad визасы берілді

Былтыр күзде іске қосылған Нео Номад бағдарламасы бойынша 8 адамға виза берілді. Цифрлық көшпенді визасы қашықтан жұмыс істейтін шетел азаматтарына арналған. Тұрақты табыс көзі бар шетелдіктер бір жылға дейін Қазақстанда тұрақтап, елді емін-еркін аралай алады.

Бақыт Топтаева